Issue 02 is available for purchase online!
Кесте тігу, кілем тоқу және тоқыма өнері Батыстың заманауи өнерінде де, батыстық емес өнер сахналарында да тек “әйел” айналысатын сала деген ескірген түсінікке қарсылық білдіре отырып, “Лига нежных” кураторлық дуэті “Оның еңбегі” атты жабық пікірталастар сериясын бастады.
“Оның еңбегі” – бұл бес суретші - Миләүшә Абайдуллина, Дарали Лели, Айша Жандосова, Азиза Қадыри мен Милана Халилова арасында өрбіген әңгіме, олардың тәжірибелері “сәндік-қолданбалы өнер” түсінігінің түрлі формаларын қамтиды. Орталық Азия, Идель-Орал және Солтүстік Кавказ тумалары - суретшілер кесте тігу, гобелен, киіз басумен жүйелі түрде айналысып, ұлттық ою-өрнекті зерттейді. Көрнекі әрі бірегей туынды жасау қуанышынан бөлек, мұндай жұмыс әйелдерді біріктіріп, вербалды емес тұрғыда білімді ұрпаққа жеткізіп, әңгімені әйелдің көзқарасы тұрғысынан баяндап, сондай-ақ, авторитарлық режимдерге де, капиталистік қанауға да қарсы тұра алады.
“Лига нежных” өткізген төрт жабық кездесу барысында “өткеннің жарақаттарымен емес, олармен жұмыс істеуге”, ұрпақтар арасындағы диалогтың артықшылығы, бұл еңбекті “декоративті”, “туристік” және “экзотикалық” деп жоққа шығарған стигматизациялық ұмтылыстар туралы, сонымен қатар басқаша болашақты бірге елестетуге мүмкіндік беретін көркем әдістер бойынша пікірталастарды (Лесли К. Сотомайор, The Practice of Feminist Art Education, 2022), модераторлады.
“Оның еңбегі: көзіміздің нұры” - әдемі, жеке әрі ашық әңгімелер глоссарийі. “Лига нежных” кураторлық дуэті бұл білімді ортаға салуды айрықша мәртебе санайды.
“Оның еңбегі” зертханасы «Лига нежных» кураторлық дуэті ұйымдастырған Vleeshal заманауи өнер орталығының “Қайталау дегеніміз өзгерту” 2024–2025 Nomadic Program бағдарламасы аясында өтті.
Сұхбаттасушылар:
Миләүшә Абайдуллина – Башқұртстанның Миякин ауданында (Орал) туған суретші, визуал зерттеуші және тоқымашы. Мифтахетдин Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің көркемсурет және графика факультетін бітірген. Оның тәжірибесі башқұрттың дәстүрлі қолөнерінен, әсіресе тоқымашылықтан шабыт алады. Ол Башқұртстанда, Ұдмұртияда және Қазақстанда кілем тоқу өнеріне арналған көптеген көрмелер мен форумдарға қатысты. Абайдуллина “Bashqort.photomuseum” және “Шыңғыс ханның көз жасы” сияқты қоғамдық жобалар арқылы жетістіктерін белсенді түрде жариялап отырады.
Дарали Лели — жазушы, суретші, киім дизайнері, куратор және ұдмұрт костюмдері мұражайының негізін қалаушы. Ижевск қаласында (Ұдмұртия) тұратын ол ұдмұрт әдебиетшілері отбасында тәрбиеленді. Оның көркемдік тәжірибесі дәстүрлі қолөнерге: құрақ құрау, тоқыма, кесте және халық өнеріне бағытталған. Леля ұдмұрт халқының мәдениеті мен күресін зерттеуге терең бойлап, өз туындысының басым көбін жергілікті кімдікті жоғалту әрі ұдмұрттардың мәдени кодын зерттеуге арнады.
Айша Жандосова — Алматы (Қазақстан) мен Провиденсте (Вампаноаг, поканакет және наррагансетт халқының жерінде, АҚШ) өмір сүретін қазақ-қырғыз диаспорасының өкілі, зерттеуші, оқытушы және дизайнер. Ол өз уақытын қазақтар мен басқа да Орталық Азия тұрғындарына өз ата-баба мұрасымен қайта байланыс орнатуға, сауығуға және махаббатқа толы болашақты армандауға мүмкіндік беретін кеңістіктерді құруға және қолдауға арнайды. Оның қазіргі тәжірибесі ата-баба қолөнерінің баяу, ұзақ мерзімді ре-экзистенсиасын (терминді Мадина Тлостанова мен Альбан Ачинте енгізген) қамтиды. Аида Исаханқызымен бірге Жандосова BABALAR PRESS – қазақ мұрасын қайта пайымдауға бағытталған эксперименттік зерттеу, жазу және басып шығару бастамасына жетекшілік етеді.
Азиза Қадыри — перформанс, эксперименталды костюм, тоқыма және цифрлық технологиялармен жұмыс істейтін мультдисциплинар суретші және куратор. Өзбекстанда туып, қазір Лондонда тұрады. Ол Бейжіңдегі Цинхуа университетін сән дизайны бойынша және Лондондағы Central Saint Martins-ті сценография және перформанс мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Оның жобалары көші-қон, қоныс аудару, әлеуметтік еленбеу, кімдік, феминизм және тілді жоғалту мәселелерін зерттейді. Қадыри Ташкенттегі Qizlar феминистік ұжымының негізін қалаушылардың бірі, сондай-ақ 60-шы Венеция биенналесіндегі Өзбекстан ұлттық павильонының бас суретшісі (2024).
Милана Халилова — суретші және дизайнер, Залукокоаже ауылында (Кабардин-Балқар, Солтүстік Кавказ) туған. Х.Бербеков атындағы Кабардин-Балқар мемлекеттік университетінің дизайн колледжін бітірген (2004). 2017 жылы ол Франциядағы Михаил Шемякин қорының резиденті атанып, бертінге дейін Нальчикте тұрды. Оның жұмысы анимация, дәстүрлі қолөнер және кітап дизайнынан тұрады. Өз зерттеулерінде ол халық өнерінің архаикалық түрлерінің қазіргі заманғы тәжірибемен, сондай-ақ Солтүстік Кавказдың “күрделі мұрасымен” өзара байланысын зерттейді. Оның кейінгі жобаларының қатарына “Ұляп әндері: шеркеш дәстүрінің шекарасынан тыс” (2023, FLEE) баспасы ұжымдық зерттеуі кіреді.
“Лига нежных” — 2018 жылы кураторлар, зерттеушілер және құрбылар Елена Ищенко мен Мария Сарычева негізін қалаған ойдан шығарылған ұйым әрі кураторлық дуэт. Олардың жұмысы ұжымдарды құруға және олардың ішіндегі аффективті байланыстарды дамытуға бағытталған. Дуэт зерттейтін тақырыптар - мүгедектікті репрезентациялау, күнделікті еңбектен жатсынуды еңсеру, апат дәуіріндегі қамқорлық, қолдау және достық тәжірибелерін қамтиды.
Көзіміздің нұры
Дәстүр

Сурет: Милана Халилова және оның Deformation атты жұмысы, 2023
Милана: Мен алтын жіппен кестелеу сияқты дәстүрлі қолөнер түрі басқа тарихи жағдайларда қандай рөл ойнады екен деп жиі ойлаймын. Бүгінде бұл жағдайлар өзгерді, демек, бұл қолөнердің әу бастағы қызметі де өз мәнін жоғалтты деген сөз. Қазіргі адам өмірінде аталған қолөнер түрін қайдан таба аламыз? Менің жауабым — өнер кеңістігінде.
Дарали: Біз әдетте өзімізді дәстүрден алшақтатамыз: мәселен, міне ұлттық киім киген әжелер, олар дәстүрлі ән шырқайды, ал біз — заманауи адамдармыз деген сияқты. Бірақ ұдмұрт этнофутуризмі фольклордың заманға сай бола алатынын көрсетеді. Мысалы, “Эмноюмно” шығармашылық тобының әлдекімге алғыс білдіру үшін суырып салма алғыс айту әндері бар.
Мен дәстүрлі киімдерді жинап, қалпына келтіріп, оларды танытумен айналысамын. Мен дәстүрдің қалай өзгеріп, шындыққа қалай бейімделетінін құжаттауға мүдделімін. Егер көйлекті бала емізетін әйел киетін болса, оның мойын сызығы тереңдеп, емізуге ыңғайлы болу үшін көкірекше жасалған. Оңтүстік ұдмұрт әйелдерінің костюмінде, мысалы, алжапқыш ХХІ ғасырдың басында, яғни қолды жылдам сүрту қажеттілігі жойылған кезде сәннен шықты, ал ұлттық киім тұрмыстан ада, мерекелік-демалысқа лайықталған киімге айналды. Көйлектің құрылымы үш бөліктен тұрады: үстіңгі бөлігі - жоғарғы әлем, құдайлар мен рухтардан, ортасы яғни кеудеден мықынға дейін - адамдардан хабар береді, ал төменгі жағы - ата-бабалар мен арғы әлемнің хабаршысы. Мені үнемі ұсақ бөліктері таңғалдыратын: мысалы, бүкпені белгілі бір бағытқа сай үтіктеу қажет, әйтпесе, өлген адамның киіміне ұқсайды. Бүкпесіндер мен үтіктелген тігістер әйелдің қанша баласы бар екенін көрсететін. Олар кенелерден қорғайды деген таңғажайып нұсқаны да құлағым шалған, яғни паразиттер жоғары көтеріліп, аталған қатпарларда тұрып қалған. Көйлектегі тоқылған өрнектер, кестелер мен құрақтар тұмар болған және айталық, адамдардың әлемін өлілерден жекелеп тұратын әлем шекараларын бөлген. Мен үшін дәстүрлі киім элементтерінің астарында не жатқанын зерттеп, ұлттық киімнің мұражай жәдігеріне айналмай қалай өзгере алатынын зерттеу маңызды.
Айша: Дәстүр қай жерде, қалай туады? Жақында ғылым академиясының химигі, ата-бабаларының тәжірибесі туралы ойламаған өте советшіл адам болып көрінетін менің атам (анам жағынан атам) ауылдағы немере әжеме өз зертханасынан бояғыштар жібергенін білдім. Осының арқасында оның шырдақтары сантүрлі түске боялып, жарқырай түскен. Демек, менің атам мен апам (анамның анасы) бұл білімді отбасы ішінде жинап, сақтап, жеткізген. Бұл оқиғалар қазір маған қуат береді. Менің тәжірибем - осындай параллельдерді көріп, төл дәстүрімді өзімше интерпретациялауға рұқсат беру туралы шығар. Бәлкім, әрқайсымызға дәстүрлі көйлегіміздің төл нұсқасын, өз интерпретациямызды жасау керек шығар — және осынау көп дауыста дәстүрді жаңғыртсақ, ол табысты бола ма?
____________________________

Сурет: алтын жіппен кестеленген адыгей әйелдерінің көйлегі (бостей)
Алтын жіппен кестелеу - ертеден әйелдер айналысқан дәстүрлі шеркеш (әдігей) қолөнері. Адыгэ идэ, дыщэ идэ адыги алтын, күміс және жібек жіптерді қолданып кесте тігу, басон бұйымдарын тоқу және қолмен тоқудың барлық әдістерін алтын жіппен кестелеу деп атайды. Көбіне кесте өрнектерінде ромб модулі бар - бұл код іспетті. Милана өзінің “Деформация” жұмысына ромб негізін құрайтын алтын түстес жібек ленталы алты метрлік кенеп жасады. Бұл жұмыстың көп қабаты шеркеш мәдениетінің күрделілігі мен санқырын көрсетсе, ал салмағы бүгінгі шеркеш мәдениетінің жай-күйін танытады.
Этнофутуризм — әдебиет, музыка және бейнелеу өнері дәстүрлі шығармашылықты интерпретациялайтын ағым. Эстониялық этнофутуризмді ұстанушылар оны басқа аймақтарға - Венгрияға, Финляндияға және Ресейдің фин-угор аймақтарына тарата бастады. Алғашқы этнофутуристік съездер мен симпозиумдар 1990-шы жылдардың ортасында пайда болып, Ұдмұртияда белсенді түрде өтті. Оларға “Мушому” — “Аралардың жері”, “Одомаа — Ұдмұрт жері (мұндағы “маа” — фин түбірі), Гондыр Веме — “Веме” бәрі бірігіп жасайтын жұмыс, мысалы, бәрі бірге үй салатыны сияқты, ал гондыр — аю сынды креативті атаулар тән. Этнофутуристік съездердегі барлық жұмыс перформатив, музыкалық, театрлық сияқты әртүрлі жанрлардың тоғысынан тұрады. Негізгі ұдмұрт этнофутуристерінің арасында қазір “Эмноюмно” фин-угор шамандық оркестрін құрған Кучыран Юрий мен Жон-Жон Сандыр бар. Бұл адамдарды қолына кез келген нәрсені алып, музыка жасауға шақыратын кездейсоқ ансамбль.
Шырдақ – қырғыздың құрама киіз кілемі.
Әйелдер қолөнері

Сурет: шөбере әжесі Зүлфинисоның паранджасын киіп тұрған Азиза Қадыри
Азиза: Қолөнер көбіне жоғарғы өнер санатына қосылмайды, алайда мемлекеттік мәдени саясат көпшілікке етене таныс қолөнерге иек артады. Мен өз жұмысымда визуал өнер мен қолөнер арасындағы осынау жасанды бөлініске - негізінде Орталық Азия өнеріне іс жүзінде қатысы жоқ иерархияның іргесін сөгіп, жоюға тырысамын.
Венеция биенналесінде Өзбекстан павильонына арналған туындылармен жұмыс істеу барысында мата өндіру фабрикасын жүргізетін ер адамдармен көп сөйлестім. Маргиланда әдемі адрастар жасайтын шеберлер - ер адамдар, алайда оны көбіне әйелдер тоқиды. Керамика сынды басқа да қолөнерде көш бастап тұрған әйгілі еркектердің әулеті шығар. Танымал әйелдер туралы сөз қозғасақ, бұл павильон жұмысын бірге атқарған Мәдина Қасымбаева сияқты. Қолөнермен әйелдер айналысатын секілді, бірақ атақ-даңққа еркектер кенеліп жатады. Патриархалдық құрылымдарда ер адам автор бола алады, бірақ әйел автор бола алмайды. Мәдина Өзбекстанда ең атақты сюзане кестешісі және қазір оның әйелдерді қанатының астына алатын мүмкіндігі бар. Көбіне бұл әйелдер әл-ауқаты төмен отбасылардан шыққан немесе қиын жағдайда өмір сүреді.
Мәдина кесте тігу үшін адамның белгілі бір ой-өрісі болуы керек дейді. Өзбекстан павильонында көрсетілген көк пердені (инсталляцияның бір бөлігі) тігу үшін мені және Мәдинаны есепке алмағанда 20-ға жуық адам жұмыс істеді. Бұл жоба әртүрлі әйелдің басын қосты, бұл өздері тігіп үйренген кесте емес пэчворк болғандықтан, аталған жобамен әуел баста айналысқылары келмеді. Бірақ бұл туынды бірте-бірте бірге жиналып, жаңалықтарын ортаға салып, өсек айтып, дұға оқып - аталған кеңістікте бірге өмір сүруге жол ашатын себепке айналды. Мен осынау кенепке олар өздерінің сезімдері мен өз өмір тарихын тоқыды деп сенгім келеді. Бұл жұмыста олардың агенттігі бар - эскизі аздап өзгерді, олар мата таңдауға қолғабыс етті.
.jpg)
Сурет: Азиза Қадыри
Don’t Miss The Cue, 2024
60-Венеция биенналесінің Өзбекстан ұлттық павильоны
Фото: Иван Ерофеев
Миләүшә: Бір тоқымашының қыздары аналары кілемді (әрқайсысына 5-6 дана, жалпы 8 қыз болған) тек өз отбасы мен туысқандарына ғана тоқығанын сөз етті. Ал басқа адамдарға арнап ешқашан кілем тоқып, сатпаған, оны “Мин күҙ нурҙарымды һатмайым” — “Мен көз нұрымды сатпаймын” деп түсіндірген. Бірақ “Күҙ нуры” - “Көз нұрының” - еңбектің жемісі деген ауыспалы мағынасы да бар. Сондықтан Еуразиялық көшпелілер өркениеті мұражайына арналған кестелі бұйымдар жобасын қалай атауды ой елегінен өткізген кезде бір апайдың чатқа: “Күпме күҙ нурҙарын түгеп ултырҙыҡ” — “Қанша көз нұрымызды (еңбегімізді) сарп қылдық” деген сөзін еске түсірдік.
Милана: Мен алтын жіпті кестені көргендегі сезімдерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл әйелдер қалай ойланды екен? Ол кезде патриархат болды ма? Әйелдердің орны қандай болды? Олар өздерін қалай сезінді? Ішкі еркіндікті сезбеген адамның мұндай бұйымдар жасауы мүмкін емес.
Қазіргі ресейлік контексте Солтүстік Кавказ қоғамындағы әйелдердің орны - бұл менің басты жан дертім десем болады. Әйелдердің рөлі мен жауапкершілігі жүйеге берік орныққан, және көбіне көп әйелдер төл қалауларын білмейді. Оның міндеті – отбасын құру, балалы болу, алдымен өзін танымай, өзгенің үмітін ақтау. Бұл басқалардың алдында жалған жауапкершілік сезімін тудырады, ал сен өзің үшін ең соңғы орындасың. Мен осы ұстанымдар мен аталған жүйені түсіну жолында жұмыс істеп жатырмын. Менің тәжірибем – киіз басу, жалпы шығармашылық – бұл жағдайды өзгерту тәсілім.

Сурет: Азиза Қадыри
Don’t Miss The Cue, 2024
60-Венеция биенналесінің Өзбекстан ұлттық павильоны
Фото: Иван Ерофеев
Дарали: Ұдмұрт мәдениетінде әйелдер ертеден орасан зор рөлге ие: әйелдер көптеген процеске басшылық жасайды. Ал қазір ұдмұрт мәдениетінің дәстүрлі бағыттарын әйелдер қолдайды. Ауылдық жерлерде - бұл мектептерде, кітапханаларда жұмыс істейтін белсенді әйелдер. Мен оларды әмбебап әйелдер деп атаймын: олардың үйі таза, ұқыпты әрі жайлы, олар ас дайындайды, қолөнермен айналысады, ән-би ансамбліне барады және әлі де қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысады. Ұдмұрт әйелінің рөлі күшті болғаны соншалық, мен ешқашан оның құқығының жоқтығын сезінген емеспін. Керісінше әйелде абырой бар; ол мәдениетте, саясатта, қалада және ауылда бастама көтереді. Мен бірнеше жыл қоғамдық-саяси қозғалыстың мүшесі болдым, оған қатысушылардың 80 % әйелдер болды. Ұлттық әдебиетте әйелдер толып жатыр, десе де ұлы шығармаларды жазған еркектер болып шығады: әйелдер көп жазады, алайда көп жарияланбайды. Ұдмұрт көйлектерін тек әйелдер тігеді. Мен бір ғана еркек тоқымашыны білемін – Александр Четкарёв. Ер адамдар қолөнермен айналысуды доғарып, тіл мен мәдениетті сақтауға орай институциялардан кетеді, жазуды тоқтатады. Ақша табуға бет бұрады, бұл мәдениетте жоқ — осылайша, ассимиляция процесі жүреді.
Айша: Қырғыз бен қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы гендер туралы айтатын болсақ, менің ата-бабаларым жынысқа қарамастан трансдисциплинар болған сияқты — әр адам қолынан келген әртүрлі нәрсе жасады. Әлбетте, әйелдер soft goods дүниелерге, белгілі бір тоқыма бұйымдарына жауапты болды деп айтуға негіз бар, бірақ бұл тұжырымның іргесі тез қақырайды, өйткені мысалы, әйелдер де киіз үй тігіп, оны бөлшектеп жинайтын болған. Еркектер терімен айналысты деуге болады, алайда әйелдер теріні жұмысқа лайықтаған. Қолөнер жыныс арасындағы коллаборация болды және бала тәрбиелеу, тамақ дайындау немесе жануарларға күтім жасау сынды жұмысқа айналды. Бұл жұмыстар арасында иерархия болған жоқ.
Миләүшә: Бұрын тоқыма станогы бір ауылдың ішінде қолдан қолға өтетін. Әжем қайтыс болғанда атам үйге тоқыма станогын әкеліп, әжемнің өзі тоқи алмаған кілемін балаларға арнап өз қолымен тоқып берді. Атам да тоқитын. Башқұрт тілінде әйелдердің қолөнеріне бей-жай қарамайтын ерлерге арналған бисәкәй деген сөз бар. Бисә — әйел, демек бисәкәй — әйел сияқты еркек деген мағынаны білдіреді. Менің атам осындай болған, мен оны мақтан тұтамын.
____________________________

Сурет: Азиза Қадыри
9 Moons, 2023
Фото: Александр Ануфриев
Адрас — 50% жібек талшықтарынан және 50% мақтадан тұратын табиғи қолдан жасалған мата. Дәстүрлі адрасты Өзбекстан мен Тәжікстанда тоқиды. Адрас өзінің беріктігімен, қанық түсімен және ұзақ уақыт өз қасиетін жоғалтпай пайдаға жарайтынымен ерекшеленеді, ал адрасты тігу процесі орасан зор еңбекті талап етеді.
Сюзане — парсы тілінен аударғанда «сузан» – ине деген мағынаны білдіреді. Сюзане немесе сузани — Өзбекстан мен Тәжікстанда «босма», «юрма», «кандахиел» деп аталатын арнайы тігіс түрлерін пайдаланып жібек немесе мулине жіптермен кестеленген тоқылған мата. Кесте тігу мақта матадан, жібектен немесе барқыттан астарға арнайы таспаланған немесе қара матамен тігіліп, өндіріледі. Сюзане – бұл симметриялы розеткалармен немесе басқа мотивтермен толтырылған сән-салтанатты кең жиекті немесе композициялық ортасы бар жабық типтегі композиция. Әзиза Қадыри өзінің “Тоғыз ай” атты еңбегінде әжесінің жоғалған жасауы туралы ой қорытады — бұл Жизақтан келген сюзане кестесі еді, мұнда ешкім қолданбаған кесте тігудің ерекше мектебі дамыған. Аталған сюзане тоғыз шеңберге негізделген, ол оны негізге алып, кестенің ішінде өз отбасындағы әйелдердің тоғыз оқиғасын сыйдырған, оны толықтырылған шындық арқылы оқуға болады.
Дұға – Исламда дұға ету, Аллаға жалбарыну.
Авторлық

Сурет: Миляуша Абайдуллина They Wove, 2024 жұмыстарын жасап отыр
Миләүшә: Башқұрт әйелдері әдетте кілемдеріне өз есімдерін жазбаған. Бұл тәжірибеде жоқ әрі үлкен қарапайымдылықтың белгісі еді. Ең көп дегенде, жасалған жылын жазатын, оның өзі сирек кездесетін еді. Украин кілемдерінен немесе Челябі қазақтарының кілемдерінен тігіншілердің есімдерін жиі көретінмін. Бірде башқұрт кілемінен “Р” деген әріпті көрдім, бірақ бұл тоқымашы Мөкәрәмә әбейдің ұлы Радикке арнауы екен. Сарвар Суринаның “Миякинский кемпірқосағы — асалы палас. Башқұртстанның халық тоқыма өнерінің шеберлері” (2000) фильмі башқұрт тоқымашы әйелдеріне арналған жалғыз дерлік фильм. Сарвар менің Башқұртстандағы туған жерім Миякинский ауданына келіп, өзі басын қоса алған барлық тоқымашы туралы осындай жылы репортаж түсірді.
Бұл фильмнің кейіпкерлерінің бірі – атамның бірінші әйелі Ғәлимә. Бірде ол атамның басқа әйелге – менің әжемге ғашық болып қалғанын біліп, одан кету туралы шешім қабылдайды. Ол сиырын алып, қызын алып, өз ауылына жаяу жол тартады. Бірақ ұл перзентке жүкті екенін кейін біледі. Бұл мен үшін өте маңызды, сезімге толы оқиға, менің жеке, отбасылық тарихымның бір бөлшегі.
Ғәлимә есімі менің “Олар тоқыды” атты еңбегімде кездеседі. Мен оны өз ауданымның тоқымашыларына арнауды ұйғардым, олардың есімдерін Сарвар фильмінен алып, әжелерімнің есімдерін де қостым. Әрине, бұл кілемде менің есімім жоқ – мен олардың дәстүрін ұстанамын. Бұл кілемді көрген көпшілік: “Бұл не шежіре ме?” деп сұрады. Мен олай ойламаппын, бірақ бұл өзімнің Миякин ауданымның бір шежіресі болып шықты.
_JPG.jpg)
Сурет: Миляуша Абайдуллина
They Wove, 2024
Тоқу, жүн, акрил, мақта
Талай тоқымашы әйелдердің есімі тарихта қалмайтынына қынжыламын. Мен үшін әрбір тоқымашы — суретші және көпке танылуға лайық. Ол түсті таңдап, бояп, оған өзінше үлесін қосты. Бұл біз ештеңе білмейтін, фестивальдер мен көрмелерде көрмейтін суретшілердің орасан зор бір бөлшегі. Олар біздің көз алдымызда ғайып болып жатыр, бірақ олармен танысып, оларды таспалап, олардан көп дүние үйренгіміз-ақ келеді.
Айша: Қазақтың сырмағы мен қырғыздың шырдақ кілемдерінде де қолтаңба жоқ. Ертедегі этнографиялық экспедициялар кезінде адам есімдері іс жүзінде жазылмаған. Мысалы, Самуил Дудиннің экспедицияларының фотосуреттерін қарап, фотографтың аты-жөнін, қай жылы және қай жерде түсірілгенін, қандай экспедиция болғанын білесіз, бірақ өнім авторларының аты-жөні жоқ. Маңыздысы бұйымды кімнің жасағаны емес, сапардан алып келген, болмаса экспедицияда таспаланған - артефакт. Жақында Бостондағы Museum of Fine Arts-та туындының астында тұратын әдеттегі “Author unknown.” орнына «Author once known» деп жазылған. Авторы белгілі еді, бірақ олардың есімі сақталмай қалуына кім жауапты?
____________________________

Сурет: Қазақ отбасы. Фотографияны Самуил Дудин 1899 жылы қазіргі Қазақстанның Абай өңірінде түсірген.
Килим —тоқылған, тегіс, екі жақты, қолдан жасалған кілем.
Шежіре – башқұрттар, қазақтар, қырғыздар және басқа да кейбір түркі халықтары арасында дәстүр бойынша тек ер адамдар және олардың өміріндегі маңызды деректер келтіретін рулардың генеалогиялық жазбасы. Қазіргі Башқұртстанда «әйелдер шежіресі» феномені пайда болуда, мұнда әйелдің есімімен аталған руға басым мән беріледі.
Самуил Дудин — орыс және кеңес этнографы, суретші, фотограф және жинаушы. Орталық Азия, Моңғолия, Бурятия аумақтарына көп экспедиция жасап, суретке түсіріп, деректер жинап, осының негізінде өз ғылыми білімін қалыптастырды. Кейін аталған білім қорын капиталға айналдырып, Санкт-Петербургтегі Этнографиялық мұражайдың сақтаушысы әрі негізін қалаушылардың біріне айналды. Оның негізгі еңбектеріне “Ғылыми сапарлардағы фотосуреттер” (1923) және “Орта Азиядағы кілемдер” (1928) жатады.
Білімді ортаға салу

Сурет: Дарәлі Лели айшон (дәстүрлі үйлену шаш әшекейін) Татьяна Москвина жасаған, моністо Галинка Матвеева жасаған және заманауи удмурт көйлекті Дарәлі Лели киген. Фото: Эля Луговая
Миләүшә: Мен жалпы башқұрт ою-өрнектері негізінде кілем, панно тоқудың шеберімін (анау айтқандай керемет сөз емес). Менің әжелерім тоқымашы болды, атам да тоқыды, алайда мен бұл туралы ештеңе білген жоқпын. Менің қол еңбегінен хабардар болуым әжем үшін өте маңызды еді - ол өзінің киленін, анамды бізге тоқыма тоқуды үйреткені үшін мақтап, қыздарына мұны үйретпеген басқа келіндеріне ұрысатын. Мифтахетдин Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түскенімде ғана қолөнерді шыңдап игере бастады, ол жерде біздің деканымыз Талғат Хасанұлы Масалимовпен таныстым. Ол - кескіндемеші, график және сәндік-қолданбалы өнер суретшісі әрі шебері. 2000 жылдардың басында ол башқұрттардың дәстүрлі киіз өнерін жаңғырта бастады. Онымен сөйлесіп отырып, ұлттық өнердің құдіреті зор екенін түсініп, соған ұмтылуға бел байладым.
Дарали: Менің арнайы білімім жоқ, Старая Монья ауылында тұратын әжемнің шифоньерін ақтарып, анамның гардеробындағы ұдмұрт көйлектерін киіп көруім дәстүрлі ұдмұрт костюмімен танысу сәтім деп білемін. Мен бұл заттарға бала кезден көз салып, мәселен, неге мойны үнемі жабық және жағасында үнемі үш түймесі бар сынды сауалдар қойдым. Университеттен кейін жергілікті дизайнерлердің киімдерін киіп, сән көрсетілімін жасап, ұлттық үлгідегі заманауи көйлектерге көз тастап, ұдмұрт көйлектерін тігу шебері Татьяна Никитична Москвинадан оқыдым. Ол ұдмұрт киімінің құпиялары туралы сөз ететін әжелермен тілдесіп, білім жинады.
Милана: Менің Руслан Мазло деген досым бар. Ол арджен - яғни дәстүрлі ши тоқымамен айналысады. Бұл қолөнер оған анасы арқылы берілсе, ал анасын анасы үйреткен, жалпы қолөнер оның отбасына берілген. Ол бұл қолөнер түрін дәстүрлі форматтан шығарып, заманауи өнерге айналдырып, бүгінде сол өнермен тіршілік етіп, отбасын асырап отыр. Мен киіз басумен айналысамын, бірақ бұл әдісті отбасында бір-бірімізге беру тәжірибесі болған жоқ, яғни туыс-туғанымның ешқайсысы киіз басқан емес. Мен мұны колледжде оқып жүргенде кескіндеме пәнінің мұғалімі Лариса Абаевадан үйрендім, екеуміз жақын араласып кеттік, ал мен сабақтан кейін онымен жұмыс істей бастадым.

Сурет: Милана Халилова киізбен жұмыс істеп жатыр
Фото: Максим Керженцев
Айша: Өкінішке орай, менің жақын туыстарымның ешқайсысы да, анам да, апам да маған тікелей киіз басу, шым ши, ою-өрнек өнерін үйреткен жоқ. Менің білуімше, оларды да ешкім бұл өнер түріне баулымаған. Бірақ, есейгенде апамның да, анамның да қолынан талай нәрсе келетінін байқадым. Тоқуды апам үйретті. Ол жүн сатып алып, оны бояп, өзі және отбасы үшін тоқыма тоқитын. Иә, тоқу қырғыздың дәстүрлі қолөнер тәжірибесі емес, бұл - дәстүрлі кеңестік қолөнер тәжірибесі. Ал апам осы дәстүрді маған көрсетті.
Сондай-ақ, білім беру тікелей жүзеге аспайды, жай ғана қасында отырып, бақылаудың өзі ұшан-теңіз білім. Жақында жүн бояуды үйрендім. Ал қайнаған су құйылған қазандағы жүннің иісі бала кезімдегі қақаған аязды күні үйге келіп, тоқылған жүн шалбарымды батареяға жайып қойған кезде жылы дымқыл жүннің әсте таныс иісін еске түсірді. Сөйтсем, апам тоқу арқылы отбасымыздың ішінде жүнмен жұмыс істеудің байланысы мен тәжірибесін сақтап қалған екен.
Миләүшә: “Миякинский кемпірқосағы — асалы палас. Башқұртстанның халық тоқыма өнерінің шеберлері” фильмі авторларының бірі тоқымашылардан төл өнерлерін әрі қарай өзгеге үйрете ме деп сұрады. Сонда әйелдердің бірі бұған қазір ешкім қызықпайтынын, яғни менің анамның замандастарына бұл қызық еместігін алға тартады. Фильм кейіпкерлерінің бірі, анам туған ауылдағы тоқымашы әйел - Мөслимә өзімен танысуға келгенде біздің ықыласымызды онша түсінбеді. Ал онымен көзі тірісінде сөйлесіп, тіл табысу мен үшін өте маңызды. Оған кілем, төл шеберлігі әдеткі дүниеге айналған.
Мөслимәдан үлкен қызыл раушан гүлдері бар кілем көрдім - башқұрт әйелдері мұндай кілемдерді ХХ ғасырдың екінші жартысында украин және белорус қолөнершілерінен, сондай-ақ тоқыма өрнектерінен (айтпақшы, бұл өте ыңғайлы), ашық хаттардан және сол кезде шығарылатын шоколад қораптарынан көріп, тоқи бастаған. Көбіне өрнектерді бір қолөнерші екінші қолөнершіден көріп, тоқыған. Егер ауылға келін түссе, демек оның артынан жаңа кілемі де келді деген сөз, ал ауылда мұндай ою-өрнек болмаса, шеберлер бірден іске кірісіп, сондай кілем тоқитын болған. Өрнектердің схемалары бұрын салынбаған, бірден кілемдегі суреттен тоқылған. Жаңа кілемдер маңызды еді, өйткені бір жаққа шығуға мүмкіндік болған жоқ, ал жаңа кілем тоқу, өрнектерді түрлендіру өте қызық болатын.
Дарали: Біздің әңгімеміз де білім беру туралы. Біз біртұтас ағза сияқтымыз: маған білім жетпесе, екінші адам оны ортаға салуға әзір, немесе керісінше.
____________________________

Сурет: Алматыда Аиша Жандосова жетекшілік ететін қағаз әшекейлер жасау шеберханасы, шаблондар QAYTA ұсынған. Фото: Сима Омарқұлова
Келін, келин — қазақ, қырғыз, татар, ұйғыр, өзбек және башқұрт тілдерінде тұрмыс құрып, жаңа шаңыраққа түскен қызға қаратып айтылатын сөз.
Арджэн — шеркештердің әйелдер де, ер адамдар да айналысатын ши тоқу өнері. Көбіне шиді қамыстан жасаған.
Шым ши немесе Чий — ши/чия сабағынан/дала қамысынан жасалған қазақ немесе қырғыздың дәстүрлі төсеніші.
Киіз басу – дәстүрлі, бірақ шеркештерге тән емес, жүнмен жұмыс істеу түрі. Шеркештер жүннен киімнің жеке элементтерін жасады, бірақ бұл жалпы сюжет немесе ою-өрнектен тұратын тұтас кенеп емес. Киіз басу техника ретінде башқұрт, ұдмұрт, өзбек, қырғыз, қазақ мәдениеттерінде бар.
Тіл
Айша: Babalar Press жобасында біз барлық мәтінді - қазақ, орыс, ағылшын тілінде жариялаймыз деп шештік. Қазақ/қазақстандықтар, соның ішінде диаспора мен ата-баба тілін енді үйреніп жүргендер үшін зиндерімізді қолжетімді ету біз үшін маңызды. Бұл ретте мен әу баста ағылшын тілінде жазамын, ал біз аударма жасағанда орыс тілінің қаншалықты шектейтінін түсінемін. Ағылшын тілінде dreams, imagination, body дейміз, ал орысшы аудармасында біз қандай да бір эзотерика туралы сөз қозғап жатқандаймыз. Мен орыс тіліндегі сөйленісім оғаш естілсе, қалыпты әлденені сөз етіп тұрғанымды түсіндім. Ал қиял туралы айтсақ, болмаса, «будущие» деген сөзді орыс тілінде көпше түрде жазсақ, құлаққа түрпідей тиеді. Бір бойымда орыс тіліне қаншалықты бой алдырғанымды ұғынудың өзі ауыр тиеді. Бір шетінен, қазақ тілін ұмытуыма байланысты angry art жасағым келеді. Бірақ ең дұрысы, қазақ тілін үйреніп, күш-жігерімді соған жұмсағаным абзал.
Милана: Мұнда біз күн сайын жеңіліске ұшыраймыз. Мен ұлды болғанша, бұл жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінбеппін. Тіл - бізге тумысынан тиесілі нәрсе, бірақ біз оны толығымен иелене де алмаймыз. Оның үстіне өз тілімізді үйренуге көп күш салуымызға тура келеді. Кейін адам кәсіби өсу немесе ресми қарым-қатынас үшін шеркеш тілінің аса қажет еместігіне көзі жетеді. Бұл күш-жігердің текке кеткенін аңғартып, ақыр соңында қолыңда пайдасыз құрал қалады. Жағдайдың өзі абсурд. Бұл тұзақ сияқты. Отансүйгіш ата-аналардың басым көбі өз балаларын тіл үйренуге мәжбүрлеп, борыш сезімін өтеу үшін мәдениетті сақтауға бейімдейді. Бірақ бұл тиімді емес, себебі мұндай әдіс қызықсыз әрі шектеулі.
Дарали: Ұдмұрт тілінде ашуды қалай білдіруге болады? Мен ашудың қай түрін таңдаймын? Ашудың бір түрі йыркур деп аталады. Йыр — бас, йыркур — бұл қаны басына шабу; яғни интеллектуал процеспен байланысты ашу-ыза. Кӧт уг веська — ішті(кӧт) тітіркендіретін әлдене; іштегі ашу. Кӧт ӝож — іштегі реніш, мұң. Вож потэ — сөзбе-сөз жасыл қылу (зеленое источает), “мен көгеріп барамын/мен жасылға айналып барамын” - сөз жоқ бауыр немесе көкбауырмен байланысты. Жеке менің ашуым - жасыл түсті, мен бауырдың ашуға булығуын сеземін: мынам воже потэ. Тітіркену, абыржу - бұл да қуат, бұл ниет, ол сені жетелейді. Ешкім ештеңе істемей ме? Онда мен істеймін!
Ұдмұрт тілінде ұрпақаралық сөйлейтіннің бәрі ауылда тұрады. Қалада тіл тәжірибесін сақтау қиын. Қалаға көшкендер тез орыстанып кетеді. Бәлкім, олар енді халық мәдениеті аясында өмір сүруге мүдделі емес шығар.Мен қалалық баламын, бірақ ұдмұрт интеллигенциясы отбасынан шыққанмын, сондықтан маған керісінше тіл үйрену әбден мүмкін болып көрінетін. Бір сәтте мен ұдмұрт тіліне қатысты жобаларымның көп адамдар үшін қолжетімсіз екенін байқадым, сондықтан бейнелеу өнеріне бет бұрамын деп шештім. Киім топтамаларын жасап, музыкалық фестивальдер мен қалалық іс-шаралар ұйымдастыра бастадым. Кейінгі жылдары заманауи өнер арқылы тіл қатқым келетінін түсіндім. Тоқыма бұйымдарымен жұмыс істеу, халық қолөнеріне мойын бұру - өз толқыныстарың мен дерттеріңді айтудың қуатты құралы.
Айша: “Сәндік қолөнер” туралы оқып отырғанда “қолөнер өндірісі” (кустарное искусство) деген сөзді жиі естисің. Менің анам мұның адамдардың шағын топтарға немесе “шоқ бұталарға” жиналып, қолөнермен айналысатынына байланысты туындаған болар деп топшылаған еді. Бірақ бұл термин немістің kunst яғни “өнер” деген сөзімен байланысты екені анықталды. Ағылшын тілінде “қолөнер өндірісі” - artisanal production деп аталады. Бір қызығы, бар әріптің ішінен “н” әрпі түсіп қалып, “кунстың” орнына “куст” деп аталып кеткен. Мен мұны ойласам, қызып кетемін. Барлық кітап, мұражай атаулыда өзім кездестірген “қолөнер өндірісі” (кустарное искусство) деген терминге “н” әрпін қойғым келеді. Бірақ бұл өмірде қуатымыз да, уақытымыз да шектеулі екенін ескерсек, кімге, неге басым мән беру керегімізді ақыл таразысына салған жөн.
____________________________
Babalar Press — ата-бабаларымыздың білімін (қайта) ой елегінен өткізуге және қалпына келтіруге арналған қазақстандық экспериментал зерттеу, жазу және баспа бастамасы.
Ою-өрнек

Сурет: Аиша Жандосованың тәжірибесіне арналған нұсқаулық сурет
Тускийіздің (кілемнің бір түрі) оңтүстік жағындағы жели (шекара) ою-өрнегі, ХХ ғасырдың басында Солтүстік Қазақстан облысында (Қызылжар маңында) жасалған.
Фото: Клавдий Ченников
Азиза: Ою-өрнек - бұл әртүрлі интерпретацияланатын хат. Халықтық интерпретация - кестешілер, сақтаушылар және кесте тігумен айналысатындар әлемі бар. Екінші көзқарас - бұл ғылыми тәсіл, ол тарихқа, зороастризмнің ықпалына және т.б. мойын бұрады. Мен әзірге олардың қалай байланысатынын түсінбеймін. Бұған көп нәрсе әсер етеді. Мысалы, кеңестік кезеңде саяси жүйенің өзгеруі, дінді басып-жаншу және т.б. нәтижесінде білім тазартылып отырды. Бар-жоғы халықтық интерпретация ғана қалды. Мысалы, “чор чирог” деген өрнек бар. Қазір ол халық санасында әртүрлі көрініс тапқан: кейбіреулер оны “бодом”, “бодомгул” яғни ою-өрнек мектебіне қарай әр түрлі формаға ие бола алатын “бадам” деп атайды. Бірақ тарихи тұрғыдан алғанда, бұл ою-өрнектің негізі зороастризм кезінде тараған төрт білте шамы бар шамның бейнесі болды. Чор чирог басқа да суреттер сияқты ислам діні келгеннен кейін өсімдік тектес пішінге ие болды. Немесе “зулук” ою-өрнегі - S әрпі түріндегі дәстүрлі ою-өрнек. Өзбек тілінен аударғанда – сүлік деген мағына береді, халық арасында да “сүлік”, “жылан” атауымен танымал. Орталық Азия қолданбалы өнерін зерттеушілердің бірі Эльмира Гүлдің пікірінше, бұл өрнек дүниенің үйлесімділігі мен екі жақтылығы ұғымымен, жақсылық пен жамандықты бейнелейтін бір-бірімен астасып жатқан екі жыланның зороастризмдік бейнесімен тығыз байланысты.
Айша: Ою-өрнек - біздің ата-бабаларымыз сөйлеген тіл. Ою-өрнек бірте-бірте менің денелік білімімнің бір бөлшегіне айналу үшін кейбір ою-өрнектерді есте сақтауға және қайта жасауға тырысамын. “Remembering” сөзінің түбірі - member - мүше, бөлік деген мағынаны білдіреді. Мәселен, ою-өрнек туралы білімді қалай қайтадан денеміздің бір бөлшегіне айналдыра аламыз?

Сурет: Аиша Жандосова
Тускийіздің оңтүстік жағындағы жели ою-өрнегінің қағаздан жасалған көшірмесі, ХХ ғасырдың басында Солтүстік Қазақстан облысында (Қызылжар маңында) Клавдий Ченников фотосуретке түсірген.
Фото: Аиша Жандосова
Меніңше, бізді өзімізді ұмытуға ғана мәжбүрлеп қоймай, сонымен қатар өзіміз туралы мүлдем басқа, бұрмаланған ойдың қақпанына түсірді. Мысалы, ата-бабаларымызда “ботагөз”, “түйе тұяқ” сынды ою-өрнектер болған. Ал осыдан бір-екі жыл бұрын Алматыда түйе бейнеленген әрі “Түйедей болма!” деген жазуы бар алып билбордтар бой көтерді. Қала билігі қоғамдық орындарға түкірудің қажеті жоқ деген ескертуді алға тартқан. Ал біздің ата-бабаларымыз үшін түйе қасиетті төрт түліктің бірі еді. Табиғат әбден ойраң салатын қытымыр далада, әсіресе қақаған суық қолқаңды қауып, жер тастай қатты болатын қыс мезгілінде түйе ұзақ уақыт ас-сусыз күнелтіп, қатып қалған жерді тұяғымен қазып, қорек тауып жейтін сирек жануардың бірі. Түйе дала өмірінде ажырамас серікке айналды. Түйені қастерлегені сондай, оның жүнінен тек тұмар іспетті өте бағалы киім-кешек - қамзол не белдік тіккен. Түйе жүнінен кілем тігіп, оны басуға ешкімнің дәті бармаған. Ата-бабамыз түйеден үйрен, түйедей төзімді бол дейтін! Ал бүгінде түйедей қастерлі түлік оғаш жосықтың символына айналып шыға келді.
Милана: Менің ойымша, алтынмен кестеленген өрнектер айналасында шеркештердің тұтас өмірі өрбіген шеркеш бақтары және қасиетті ағаштармен байланысты. Мен генерал Филипсонның орыс-кавказ соғысы кезінде киелі ағашты кесу сәтін сипаттаған жазбаларын оқыдым. Сарбаздар ағаштың діңін кесіп жатқанда оның түбіндегі тасқа тап болып, жағаларын ұстаған. Бұл нені білдіретін еді? Ішінде тасы бар ағашты шеркештер қалай өсірген? Сұрақ көп. Мен қасиетті ағаштардың түбінде тастардың бар екенін растайтын бір мұрағат фотосуретін кездестірдім. Онда ағаш өсіп тұрған тасты сөзбе-сөз бейнелейтін кесте бар. Ал “Эрмитаж” топтамасындағы кестелерде ол “Гүл өскен құмыра” деп сипатталған. Бұрын шеркештерде гүл өскен құмыралар болды деуге сену қиын немесе кестеде мұрағаттың сақталуы соншалықты маңызды болғаны екіталай. Мен үшін бұның шеркеш бақтарымен байланысы бары айдан анық.
____________________________






