top of page

Issue 02 is available for purchase online!

Жауабы жоқ сұрақтар

EN    RU  •  21.06.26  •  Ділдә Рамазан

5 мамыр 2026 жылы кешке, Қазақстанның Венеция биенналесіндегі үшінші ұлттық павильонының ашылу қарсаңында және павильон қатысушыларының бірі, суретші Әсел Қадырханованың туған күнінде оның Қызыл террорға арналған «Машина» (2013) атты туындысының цензураға ұшырағаны белгілі болды. Бұл туралы автор өзінің әлеуметтік желісінде хабарлады, мен де аталған оқиғаны автордың хабарынан кейін білдім.

 

6 мамыр таңертең павильонның ресми ашылуында бұл жайт туралы ешкім жақ ашқан жоқ. Экспозиция толық аяқталған кейіпте ұсынылса да, ондағы бір туынды алынып тасталған еді. Менің сұрағымнан кейін ғана павильонның басқа қатысушылары «Машина» жұмысы енді көрме туындылары қатарына кірмейтінін білді, ал туынды орналасқан кеңістік қара пердемен жабылған. Бұл үнсіздік маған қатты әсер етті, дәлірек айтқанда, нақты бір жұмыстың алынып тасталуынан бұрын, алып тастау процедурасының өзі қоғамдық талқылаудан қасақана тыс қалдырылғандай болды. Пьера Нораның терминдерімен айтқанда, мұнда жад және оның институционалды тұрғыда бекітілуі туралы сөз қозғауға болады, яғни жад мекені ретінде қызмет етуге тиіс орын шындығында ығыстыру мен үнсіздік кеңістігіне айналды. 

 

Бұл жағдайдың болу себебі неде?

«Машинаның» не себепті бөлшектелгені ең айқын сұрақ екені даусыз. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, туындыны кураторлық өтінімді қарайтын эксперттік кеңес пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мақұлдаған. Одан бөлек, бұл жаңа туынды емес, себебі ол осыған дейін Қазақстанда, соның ішінде 2013 жылы Қастеев мұражайындағы «1937. Жад алаңы. Жоқтау» жобасында, сондай-ақ 2018 жылы Лондондағы Focus Kazakhstan жобасын есепке алғанда, шетелде ұсынылған. Яғни жұмыс институционалды тұрғыда мойындалған алаңда бар болған және «күтпеген» жерден туындаған жоқ. 

 

Сондықтан, оны алып тастауды бейтарап техникалық шешім деп қарастыруға болмайды. Керісінше, бұл сталиндік репрессиялар мен Қызыл террор туралы пікір айту туралы режимнің өзгергенін көрсетеді. Мұнда, әсіресе, Джан Ассманның мәдени жад өткенді сақтап қана қоймай, үгіт-насихат, цензура және алмастыру тетіктері арқылы оны іріктеу, ұмыттыру және басып-жаншумен басқарады дегенді алға тартатын көзқарасы орынды. Басқаша айтқанда, сұрақ — неліктен дәл осы жұмыстың бөлшектелгенінде емес, өткеннің қандай нұсқасы бүгінде бұқаралық репрезентация үшін қолайлы екенінде. 

 

Егер мемлекет бұрын репрессия құрбандарын еске алуды ұлттық нарративтің бір бөлшегі ретінде қолдаса, қазіргі жағдай оның өзгеріске ұшырағанын көрсетеді. Қазақстан Назарбаев билік құрған дәуірде кем дегенде жария түрде репрессия мен аштық құрбандарын бұқаралық жад саясатына енгізе алатын еді; ал қазіргі конфигурация, көріп отырғанымыздай, бұл тақырыптарды тым айқын ететін көркемдік формаларға айтарлықтай сақтық танытатыны байқалады. Бұл тұрғыда «Машинаның» цензураға ұшырауы тек көркемдік қана емес, мемориалдық оқиға екені сөзсіз, себебі ол өткеннің қандай бейнелеріне рұқсат етілетінін, ал қайсысы ығыстырылатынын танытады. 

 

Павильонға кураторлық ету деген не?

Келесі сұрақ ұлттық павильондағы кураторлық рөлге қатысты. Венеция биенналесі — бұл жай ғана көрме алаңы емес, көркемдік жоба жергілікті және халықаралық деңгейде сөзсіз қызмет ететін ұлттық репрезентация кеңістігі. Биенналенің ресми ережелеріне сай, ұлттық павильон кураторы көркемдік бағытқа ғана емес, жобаның жүзеге асуына, материалдар, мәтіндер, буклеттер және павильонның көпшілік алдындағы танытымына жауапты. Демек, мұнда куратор — тұжырым авторы ғана емес, институционалды жауапкершілікке ие тұлға. 

 

Сондықтан жұмыстардың бірін ешқандай ашық түсіндірмесіз алып тастау тек нақты шешімге ғана емес, кураторлық логикаға да күмән келтіреді. Ұлттық павильон куратор өнерпаздар, институциялар және мемлекеттік шеңбер шегіндегі кикілжіңдермен жұмыс істей алады деп санайды. Егер кикілжің шешімін таппай, жасырылатын болса, онда куратордың қызметі сценография және ұйымды басқарумен ғана шектеледі деген сөз. Мұндай жағдайда сөз кураторлық стратегия туралы емес, дәнекерлік рөлдің сәтсіздікке ұшырағаны хақында өрбиді. 

 

Бұл тұста бір жобада куратор мен өнерпаз рөлінің қатар атқарылуы түйіткілді мәселе көрінеді. Жоба авторының павильонда төл видео инсталляциясы қойылып, алайда қатысушылардың бірінің жұмысы алынып тасталғанда назар, жауапкершілік және символдық капиталға қатысты сұрақ туындайтыны даусыз. Бұл қасақана пиғылды білдірмеуі мүмкін, десе де мейлінше қатаң рефлексия танытуды талап ететіні анық. Terms of institutional critique тұрғысынан қарағанда, мұндай конфигурация кім мемлекет атынан сөйлей алады және ұлттық мәлімдеме ішіндегі рұқсат етілген шектерді кім анықтайды деген мейлінше айқын әрі өткір сауал қояды. 

 

Есеп беру жайы қалай?

Қаржыландыруға қатысты сұрақтың да маңызы жоғары. Павильонға ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі мен Samruk Kazyna қолдау білдірді, яғни мемлекеттік қаржымен жүзеге асты. Бұл оған бірден қоғам алдында есеп беру міндетін жүктейді. Егер жұмыстардың бірі алынып тасталса, егер экспозиция толық болмаса, ал ашылу сәтінде базалық таратпа материалдар болмаса, ресурстар қалай бөлінді әрі жобаның қорытынды формасына кім жауапты деген көркемдік қана емес, әкімшілік сауал да туындайтыны заңды. 

 

Осы орайда Нораны және оның жадқа мұрағаттар, мерейтойлар, рәсімдер мен институционалды ым-ишаралар арқылы жасанды түрде қолдау білдіруге тура келгенде, ол ерекше осал бола түседі деген сөзін еске алған орынды. Бұл мағынада ұлттық павильон жасанды түрде жинақталған мемориалдық нысан ғана. Алайда оны мемлекет қаржыландырса және қоғамдық түсіндірмесіз негізгі жұмыстарының бірінен қол үзіп қалса, павильон жад кеңістігі болуын доғарып, әкімшілік ашық емес кеңістікке айналады. Бұл тұрғыда бюджетке қатысты сұрақ екінші деңгейлі емес, мемлекет өз қоғамдық жадын қалай айқындайтыны, іріктейтіні және бақылайтынына қатысты басты мәнге ие болады. 

 

Бұл мәселе неге ортада жік туғызды?

Аталған мәселеге деген жауап әдеттегідей қарама-қайшылыққа толды болды. Қоғамдастықтың жартысы Әсел Қадырханованы қолдаса, жартысы ұйымдастырушылар, кураторлар және жобаның басқа қатысушыларына тараптас болды. Бірақ бұл жік, менің ойымша, жай ғана екіұшты пікір емес. Ол ашық ақпарат жетпегенде немесе институция бұқаралық түсіндірменің орнына үнсіз қалуды дұрыс көргенде көркемдік ынтымақтастық алаңының қаншалықты осал күйге түсетінін көрсетеді. 

 

Дәл осы тұста мәдени жад логикасы айқын көрінеді, яғни егер қоғамдық мұрағат толық болмаса, нақты деректер айқындалмаса, жауапкершілік көмескі болса, талқылау кеңістігі аффективті ұстаным, күмән және моралдық қарама-қайшылыққа толады. Сайып келгенде пікірталас цензураның өзіне емес, кім «біздікі», кім «бөтен», кімнің сөйлеу хақы бар, ал кім үнсіз қалуға тиіс дейтін мәселеге ауады. Мұндай динамика Ассман сипаттайтын жадты ығыстыру және алмастыру үдерісімен сәтті үйлеседі, яғни бір туындыны алып тастау қоғамдық өткенді кең ауқымда редакторлау үрдісін іске қосады. 

 

Мен үшін басты сұрақ «Машинаның» не себепті бөлшектелгенінде ғана емес, аталған әрекеттің неліктен тез арада қоғамдық түсіндірмеге жүгінбегеніне саяды. Бұл үнсіздікте ең айқын ишарат жатыр. Ол — елдің формалды түрде көркемдік пікір білдіруге арналған ұлттық павильонында жадтың көпшілік назарына ұсынылмай, керісінше, жоққа шығарылуы әбден мүмкін екенін білдіреді. 


 

Аударма: Сафина Ақтай

bottom of page